Ата-аналар жиналысы

Ата-аналар жиналысы барысында мектеп медбикесі Рахметхан Күлбану оқушылардың денсаулығын сақтау және нығайту мақсатында ата-аналарға бірқатар маңызды мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, балалардың дұрыс және теңгерімді тамақтануы, күнделікті тамақтану тәртібін сақтау, дәрумендерге бай тағамдарды тұтыну және зиянды тағамдарды шектеу жөнінде түсіндірілді. Баланың дені сау болып өсуі үшін дұрыс тамақтанудың маңызы ерекше екені атап өтілді.
Сонымен қатар, оқушылардың жеке бас гигиенасын сақтау, қолды сабынмен дұрыс жуу, дене тазалығына көңіл бөлу, таза киім кию және оқу құралдары мен жеке заттарын таза ұстау қажеттілігі туралы айтылды.
Баланың дене және психологиялық тұрғыдан қалыптасуы, жас ерекшелігіне сәйкес күн тәртібін сақтау, жеткілікті ұйықтау, таза ауада серуендеу және дене белсенділігін арттырудың маңыздылығы түсіндірілді. Ата-аналарға баланың денсаулығына мұқият көңіл бөліп, оның көңіл күйі мен жалпы жағдайын бақылау ұсынылды.
Жиын барысында адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинация туралы да ақпарат берілді. АПВ инфекциясының алдын алуда вакцинацияның маңызы, екпе жүргізудің мақсаты және ата-аналардың баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажеттілігі түсіндірілді.
Сондай-ақ, тұмау және басқа да жедел респираторлық вирустық инфекциялардың алдын алу шаралары бойынша түсіндіру жүргізілді. Аурудың алдын алу үшін қолды жиі жуу, бөлмені желдету, дұрыс тамақтану, маусымға сай киіну және сырқаттанған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі айтылды.
Бұдан бөлек, оқушылар арасында педикулездің (биттің) алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Ата-аналарға баланың шашы мен бас терісін үнемі тексеріп отыру, жеке тарақ, бас киім және жеке гигиена заттарын пайдаланудың маңыздылығы түсіндірілді. Педикулез анықталған жағдайда мектеп медицина қызметкеріне хабарлап, тиісті санитариялық шараларды уақытылы жүргізу қажеттігі ескертілді.
Кездесу соңында ата-аналарға баланың денсаулығын сақтау, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруда мектеп пен ата-ананың бірлескен жұмысының маңыздылығы түсіндірілді. Ата-аналар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қажетті ақпараттармен танысты.